Продолжение интересных отрывков из романа М. Ауэзова «Абай жолы».

Первая встреча Абая с Тогжан.»

Бұл үйге әсiресе, өзгеше көктем нұрын енгiзген бiр жан бар. Ол Сүйiндiктiң қызы – Тоғжан. Абай келгеннен берi Тоғжан үлкен ағасы Асылбектiң отауынан осы үйге бiрнеше рет келiп кеттi. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тiлменен Тоғжанның келерi мен кетерiн паш етедi. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркi, бiлек толған неше бiлезiктерi – баршасы да бұл өңiрден Абайдың көрмеген бiр сәнi сияқты. Толықша келген, аппақ жүздi, қырлы мұрын, қара көз қыздың жiп-жiңiшке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкiр боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттiң жебесiндей.

Тоғжан үйдегi сөзге құлақ салып, не күлiп, не қымсынса, сұлу қастары бiр түйiле түсiп, бiр жазылып толқып қояды. Елбiреп барып дiр еткен қанат лебiндей. Самғап ұшар жанның жеңiл әсем қанатындай. Биiкке, алысқа мегзейдi…

Бiрер мезгiл Абай өзiне қараған Тоғжанның әдемi қара көзiн байқады. Солғын қарау емес, Абайды анықтап, түстеп, барлай қараған сияқты.

Абайдың да әйелге анықтап қызыға қараған жолы осы сияқты. Тоғжан ұзағырақ қадалып, көз алмай отырып ақырын қызғылт тартқандай болды да, көзiн тайдырды…

Орташа келген қырлы мұрыны ендi анық көрiндi. Қырынан қарағанда бiртүрлi сүйкiмдi екен. Жұмсақ жұмыр иегiнiң астында жұқа ғана бiр толқындай боп, нәзiк бұғағы бiлiнедi. Жылтырап таралған шашы қап-қара қалың өрiммен, ерекше аппақ, нәзiк мойнына қарай құлап түсiптi. Үлкен де, кiшi де емес, әшекей сырғасы дiрiл қағып, дамыл алмай сiлкiне түсiп тұр.

Әлденеден, белгiсiз себептен Тоғжан пiшiнi қызара түсiп, қайта сұрланады. Толқып қайтып тұрған ұяңдық па, басқа ма? Әйтеуiр өзiнше, өзгеше тыныс алып, лүпiл қағып тұрған бiр сезiм бар…

Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр бiлегi, жас баланың етiндей, ақ торғындай мойыны! Таң осы да… Өзi ғой!…

Ақ етiң аппақ екен атқан таңдай!

Шынымен бар жанымен құлай табынған сұлуға қарап, бар сезiммен үнсiз жырлап тұрған тәрiздi. Тоғжанға арналған, ең алғашқы «ғашығым» деген жарына арналған жан жарының тұңғыш жолы осы едi…»

Автор публикации: Аскар Калдыбаев

Аскар Калдыбаев
01/11/2019

1 комментарий. Оставить новый

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Заполните поле
Заполните поле
Пожалуйста, введите корректный адрес email.

Translate »